ӘКЕҢ САҒАН НЕ БЕРДІ? (Екеудің әңгімесі) - Әкең саған не берді? - Өмір берді аңсаған. Жете алмаған қанша жан. Әке деген биік шың, Маған білсең хәм саған! - Әкең саған не берді? - Өмір берді аңсаған. Байлық берді самсаған. Дәулет берді бітпейтін, Жете алмаған қанша жан! - Әкең саған не берді? - Ақыл берді ойлан деп, Ойсыз адам айуан деп! Әрбір жеген наныңның, Жатқандығын қайдан кеп. - Әкең саған не берді? - Ақша берді жайлан деп, Ақшасы жоқ айуан деп. Байлық қолда тұрғанда, Сұрамаймын қайдан деп. - Әкең саған не берді? - Тәлім берді талмайтын, Жақсы-жаман талдайтын. Жолын сілтеп көрсетті, Адамдық пен арды айқын. - Әкең саған не берді? - Айла берді алдайтын, Адамдарды арбайтын. Айлығы көп іс берді, Бірақ мүлде бармайтын. - Әкең саған не берді? - Жүрек берді соғатын, Қаны «ҰЛТ»деп ағатын. Тарам-тарам жол берді, Бағымды іздеп баратын. - Әкең саған не берді? - Жүрек берді соғатын, Қаны «МЕН» деп ағатын. Бақытыма жол берді, Мені іздеп табатын. - Әкең саған не берді? - Әкем маған... көп берді, Деді балам төк терді. Алла деді әміршің, Саған жер мен көк берді. Қара қарға қаңқылдар, Асыра деп кептерді! Қалам берді қауырсын, Жаз деп шындық бет берді. Тағдыры деп халықтың, Жау алдынан шеп берді. Адал патша болам деп, Мен өскенше серт берді! Әкең саған не берді? Автор: Марғұлан Ақан